Алаяқтық пен қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша күдікті деп танылған Перизат Қайрат қылмыстық істің материалдарымен танысу процесін әдейі созып келген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжіліс кулуарында журналистерге мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елемесовтің айтуынша, Перизат Қайрат ісі бойынша күдіктілер қатарында өзі мен анасы – Гайни Алашбаева бар. Қылмыстық іс аяқталған, қазіргі кезде процеске қатысушылар оның материалдарымен танысып жатыр.
"Перизат Қайрат (ред. — Қайрат) танысу процесін созғандықтан, арнайы кесте бекітілді. Бұл кесте 9 маусымда аяқталады. Қылмыстық-процестік кодекс бойынша, материалдармен танысу аяқталғаннан кейін үш күн ішінде ол мен қорғаушылары өтініштер білдіре алады. Себебі бұған дейін ол істің материалдарымен толық таныспаған – тек жауап алулар мен беттестірулер болған. Енді ол толық материалдармен танысып жатыр, соған байланысты қосымша өтініштері болуы мүмкін", – деді АФМ төрағасының орынбасары.
Перизат Қайрат тарапынан болуы мүмкін өтініштер қаралғаннан кейін іс прокуратураға жолданады, ал прокуратура оны 10 күн ішінде сотқа жібере алады. Осылайша, маусым айының соңына қарай бұл іс сотқа жетуі мүмкін.
Елемесов бұл іс аясында 100-ден астам адамнан жауап алынғанын айтты. Алайда зардап шеккендердің нақты саны туралы мәлімет берген жоқ. Перизат Қайраттың үндеуінен кейін қайырымдылыққа ақша аударғандардың бір бөлігі арыз жазып, ресми түрде жәбірленуші деп танылса, қалғандары бұл мәртебені алмаған.
Бұған дейін де Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс аяқталғанын, қазір істің материалдарымен танысу кезеңі өтіп жатқанын растаған болатын.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың қараша айында Қаржылық мониторинг агенттігі волонтёрлік қозғалыс белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Ол кезде күдікті ретінде көктемгі тасқындардан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айып тағылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!