Оралда өткен Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды.

Нәтижелі өткен іс шара аясында екі ел өңірлері арасында бірқатар келісімдер мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Инновациялар мен жұмысшы мамандықтар көрмесінде студенттер, кәсіпорындар мен инвесторлар өз жобаларын таныстырып, болашақ мамандарды даярлау мәселелерін талқылады.

Технологиялық жетістіктерді паш еткен көрмеге еліміздің 11 қаласынан 15 жетекші колледж қатысты. Мектеп шәкірттері кәсіби бағдарлау сынақтарынан сәтті өтсе, студенттер өздерінің тың жобаларын ұсынды.

Дәурен Қожағұл, Орал Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің студенті:

- Ең басты нәрсе бұл біздегі ауадан су шығаратын аппарат. Яғни қыздыру арқылы конденсат арқылы ауадан су шығарады. Сонымен қатар бұл Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша жасалып жатқан дрон шекарашы. Толықтай 3D принтерде жасалған.

Әсет Мұхамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіби білім беру департаментінің директоры:

- Форум төрт негізгі бағыт бойынша өтіп жатыр. Олар энергетика, IT, көлік және агроөнеркәсіп кешені секілді салалар бойынша. Көрме қонақтары жұмысшы кәсіптердің трансформациясымен танысты.

Оң тәжірибемен алмасу екі елдің шекаралас өңірлері арасында да өтті. Ресейлік делегациялар аймақаралық форумның практикалық пайдасына тоқталды. Шекаралас аумақтар өкілдері арасында жаңа келісімдерге қол қойылды.

Наиля Исхакова, Орынбор облысының Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрі:

- Форум аясында біз әріптестерімізбен, яғни оқу орындары өкілдерімен кеңінен пікір алмастық. Жастармен жүргізілетін жұмыста қолдануға болатын бірнеше бағытты өзім де белгілеп алдым.

Сергей Зюзин, Александров-гай ауданының басшысы:

- Бүгін біз Қазақстанның көршілес Қазталов ауданының өкілдерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Осы құжат екі жақтың өзара әріптестігін дамытуға қосымша қадам болады деп сенемін.

Бүгінде Қазақстанның 60-тан астам колледжі 30 елдің серіктестерімен, соның ішінде Ресейдің тоғыз оқу орны және кәсіпорындарымен әріптестік орнатқан. Форум барысында білім беру және сапалы кадр даярлауға бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Елдар Аюпов