Бүгін Кремльде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөздері өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Путин келіссөз барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып жатқанына тоқталды.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізді Мәскеуде, Кремль сарайында қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүгін Мәскеуге үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті", — дейді ол.
Ресей президенті сондай-ақ бүгінгі сапардың қорытындысы қуантарлық екенін атап өтті.
"Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыздың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз", — дейді Путин.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз