Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына байланысты әлеуметтік желідегі аккуантында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындыларының негізділігіне баға беріледі", — деп жазды Берік Асылов X желісіндегі аккуантында.

Бас прокурордың айтуынша, осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылған.

Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырған еді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз