Талғарда атышулы Хасан Қасымбаевқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сондай-ақ тағы бес адам айыпталды, деп хабарлайды Kazinform.

Сот үкімімен Хасан Қасымбаев адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, бопсалау бабы бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.

Еске салсақ, былтыр 4 қарашада желіде "Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі" делінген Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа Алматы облысы полиция департаменті өкілдері пікір білдіріп, 2024 жылғы 2 қарашада азамат К. 2021 жылдың маусым айында азамат А.-ның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және адам ұрлады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері "талғарлық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі" делінген ер адамның ұсталуына қатысты тың мәліметтер жариялады.

Кейін "Талғарлық ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі" делінген Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Ведомство өкілдері қазір жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаменті Хасан Қасымбаевқа қатысты іс жөнінде мәлімдеме жасады. Полиция өкілдері бұған дейін БАҚ-та шындыққа жанаспайтын ақпарат таралғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматы облысы полиция департаменті өкілдері Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді. Облыстық полиция департаменті хабарламасында ұсталған адам марқұм Шерзаттың өлімі үшін емес, 2021 жылғы адам ұрлау дерегіне байланысты тұтқындалғаны айтылған.

2025 жылғы 29 шілдеде Алматы облыстық прокуратурасы айыптау актісін бекітіп, Хасан Қасымбаевтың ісі Талғар аудандық сотына жіберілді.

Хасан Қасымбаевқа қатысты сот процесі 20 тамызда басталғанын жазғанбыз.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз