Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тоқаев Путинге Мәскеуге жеткелі көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін ризашылығын білдірді.

"Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар", — деді Тоқаев.

Ал Путин Тоқаевпен барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесетінін айтты.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын", — деді Путин.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барғанын хабарлағанбыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті. Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты.

Президенттің көмекшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Мәскеудегі жұмыс кестесі туралы айтты.

Мақаламен бөлісу: