«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы елдегі 8 кен орнын зерттеп, мемлекеттік балансқа енгізді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді. Айтуынша, қазір Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде пилоттық жобалар іске асырылуда. 2028 жылға қарай олардың қорлары халықаралық JORC стандарты бойынша есепке алынады.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев алдағы алты жылда барлау жұмыстарына 71,6 миллион доллар инвестиция тартылатынын мәлімдеді. Айта кетейік, бүгінде жер қойнауын пайдалану аукциондары толық автоматтандырылған. Сауда-саттық e-qazyna.kz порталында өткізіледі. Биыл өткізілген екі аукцион нәтижесінде 11 келісім-шарт жасалып, бюджетке 10,6 миллиард теңге түсті.

Мәлік Олжабеков, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Цифрландыру нәтижесінде рәсімдер саны 45%-ға қысқарып, өтінім берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35%-ға төмендеді. Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер толығымен жойылды. Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы толық цифрлық форматқа көшірілді. Платформаға 3 мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы қосылды.