ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Израиль мемлекетінің Өңірлік ынтымақтастық министрлігі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазақстан тарапындағы уәкілетті органның мәліметіне сүйенсек, меморандум келесі бағыттарды көздейді:
- ынтымақтастық бағыттарына су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту,
- су ресурстарын тиімді пайдалану,
- суды үнемдеу және қайта пайдалану технологияларын енгізу,
- инновациялар мен технологиялар саласында тәжірибе алмасу. Атап айтқанда, қашықтан зондтау арқылы деректерді жинау, басқару және өңдеу технологиялары бағыттарында тәжірибе алмасу.
"Құжатта сонымен қатар су ресурстарын есепке алу мен мониторинг жүйесін цифрландыру бойынша тәжірибе алмасу, су тасқыны мен құрғақшылық қаупін басқару саласында өзара іс-қимыл, ғылыми-техникалық ынтымақтастық және білікті мамандарды бірлесіп даярлау қарастырылған",- делінген ақпаратта.
Меморандумға қол қою рәсімі аясында министрлер Израильдің жетекші компанияларының өкілдерімен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ қазақстандық су шаруашылығы мамандарын Израиль кәсіпорындарында оқыту жөніндегі бірлескен бағдарламаларды әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады.
Бұған дейін Атырауда бір жыл бұрын егілген ағаштардың қайта қопарылып жатқанын жазғанбыз.