Ауғанстанда ресми түрде "Nawaye Zan" ("Әйел дауысы") атты жаңа радиостанция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
See News дерегінше, бұл радиода 10-нан астам әйел-журналист хабар дайындап, жүргізеді. Бағдарламалар әйелдердің өмірі мен олар кездесетін әлеуметтік мәселелерге арналады.
"Біздің радиомыз тек әйелдер үшін ашылды және ұжымның барлығы – әйелдер. Мақсатымыз – әйелдердің дауысын күшейту, олардың пікірін естірту", – деді радиостанция басшысы.
Журналист әйелдер өз хабарларында аймақтың әйелдері мен қыздарының жетістіктері мен қиындықтары туралы айтып, қоғамдағы рөлін көрсетуге тырысып жатқанын жеткізді. Бұл – Ауғанстанның батысындағы әйелдерге бағытталған жалғыз медиа. Қазіргі таңда радиотолқын тек Герат қаласын қамтиды.
⚡️Afghan media:
In Herat Province, the radio station "Nawai Zan" (Voice of Women) has begun broadcasting under an entirely female administration and staff. pic.twitter.com/UjueZEOlYx
— Warfare Analysis (@warfareanalysis) November 9, 2025
Айта кетейік, Ауғанстанда радио әйелдер мен қыздарға білім алудың санаулы мүмкіндіктерінің бірі болып отыр. Мысалы, басқа бір Begum радиостанциясы алты сағаттық оқу бағдарламаларын жүргізіп, мектеп пәндерімен қатар руханият пен денсаулық туралы сабақтар өткізеді.
Жаңа радионы іске қосу елдегі әйелдерге қатысты саясаттың күшеюі жағдайында орын алып отыр. Жақында үкімет Герат қаласының әйелдеріне буркасыз – яғни, беті толық жабылмаған күйде – мемлекеттік мекемелерге (аурухана, кітапхана және т.б.) кіруге тыйым салды. Сондай-ақ такси жүргізушілеріне де толық жабынсыз әйелдерді тасуға болмайтыны ескертілді.