Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары қарсаңында "Российская газета" басылымында авторлық мақаласы жарық көрді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мақала "Вечная дружба – путеводная звезда для наших народов" (Мәңгі достық – халықтарымызға жол көрсететін жұлдыз — ред.ескертпесі) деген атаумен жарияланды.
Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей ғасырлар бойы одақтас және стратегиялық серіктес ретінде қатар тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ мақалада алдағы уақытта Мәскеуде жаңа деңгейдегі ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойылады деп жоспарланып отырғаны жазылған.
Президенттің сөзінше, екі ел арасында 50 млрд долларға бағаланатын 170 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр, сауда айналымы 30 млрд долларға жақындаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар Қытай, АҚШ және Еуропа көшбасшыларымен кездесуінде жаһандық мәселелерді Ресейдің қатысуынсыз шешу мүмкін емес деп атап өткенін мәлімдеді.
"Қазақстан мен Ресей халықтары тарихи және рухани түп-тамырына адал бола отырып, болашаққа ұмтылады. Бұл біздің елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық әрқашан бүкіл құрлық үшін жасампаздықтың, қауіпсіздіктің және ынтымақтастықтың тірегі болатынына сенімділік береді", — деп түйіндейді ойын президент.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз