Тіпті 40 пайызға арзандайды. Канаданың Корольдік банкі осындай болжам жариялады. Бұл инвесторлар мен трейдерлерге бағыт беретін ірі халықаралық қаржы институты. Әдетте жорамалы дөп келеді.
Қаржыгерлердің мұндай болжам жасауына не себеп? Көк қағаз құнсызданса, дамушы елдер үшін бұл қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?
Бастапқыда пайда әкелуі мүмкін. «Алайда ұзаққа созылса, экономикалық тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін», — дейді сарапшылар.
Жыл басынан бері доллар онсыз да 12 пайызға құнсызданды. Сарапшылар: «бұл Президент Трамптың тариф саясатының салдары», — дейді. Төбеден бұйрық түсіріп, әлем елдеріне қатысты әр алуан саясат ұстанатын АҚШ басшысының шұғыл шешімдері көк қағазға деген сенімді әлсіреткені анық. Қазір доллар индексінің осы күйде сақталып тұруына инвесторлардың Америка активтеріне құйылған қаражаты мен құнды қағаздар нарығының тұрақтылығы ғана себеп болып тұр. «Егер осы екі фактор әлсіресе Америка валютасының құны төмендейді», — дейді қаржыгерлер.
Ричорд Кочинос, RCB орталығының валюталар бойынша сарапшысы:
- Кейінгі 20 жылда инвесторлар, яғни орталық банктер, ірі қорлар мен компаниялар ақшасын АҚШ активтеріне салып келді. Неге? Өйткені табысы мол болатын. Әрі доллар тұрақты валюта саналатын. Алайда қазір жағдай өзгерді. Құрама Штаттар активтері қымбаттап кетті. Ал табысы бұрынғыдай көп емес. Бұл арада инвесторлар капиталын басқа аймаққа, Азия, Таяу Шығыс немесе Еуропа нарығына бағыттауы мүмкін. Егер бұл үдеріс басталса, онда доллар 2001 мен 2008 жылдардағыдай 40 пайызға құнсыздануы мүмкін.
Бұл болжамды Morgan Stanley қаржыгерлері да растап отыр. Өйткені Құрама Штаттардағы еңбек нарығындағы ахуал күрделі. Шатдауннан, яғни үкімет жұмысының ішнара тоқтауынан талай адам жұмыссыз қалды. Мұндай қысқарту кейінгі 20 жылда болған емес. Бұл деректер ресми жарияланса, АҚШ валютасы арзандап, еуро күшейеді. Сарапшылар: «қарт құрлы ақшасы кейінгі төрт жылда болмаған рекордтық деңгейде нығаяды», — дейді.
Иә, инвесторлардың алаңдауына негіз бар, әрине. Себебі қазір әлемдегі қарызы ең көп ел — АҚШ. Құрама Штаттардың сыртқы берешегі 38 трлн доллар. Америка Қаржы министрлігі келтірген кейінгі мәліметке сүйенсек, жылдың аяғына дейін Вашингтон қосымша 569 млрд доллар қарыз алмақ. Сарапшылар: «Дамыған елдердің мемлекеттік қарыз шегін жиі көтеруі дұрыс емес. Бұл сол елдің қаржылық проблемалары бар екенін анық аңғартады», — дейді. Осы ретте Еуропалық орталық банктің президенті Кристин Лагард АҚШ валютасы келешекте жаһандық үстемдігін сақтап қалуы екіталай деп санайды. Ал халықаралық экономика профессоры Кеннет Рогоффтың айтуына қарағанда, доллардың әлсіреуі бұл ғана емес, 10 жыл бұрын, яғни 2015 жылы басталды.
Кеннет Рогофф, Гарвард университеті халықаралық экономика мектебінің профессоры:
- Президент Трамптың «біз сіздің еліңізді жақсы көреміз, бірақ бәрібір тариф енгіземіз» деген саясаты АҚШ валютасының құнын әлсіретеді. Доллардың үстемдігін сақтап қалу үшін Құрама Штаттар ең алдымен саясатта және саудада сенімді серіктес екенін дәлелдеуге тиіс. Өзінің мүддесіне зиян келтіретін елдің валютасын ешкім де қолдай қоймайды.
Қаржыгердің пайымын сандар да растап отыр. Кейінгі жылдары жаһандық экономикадағы доллардың үлесі едәуір азайған. Мәселен, 2000-шы жылдары оның көлемі 70 пайыздан асатын. Қазір 57 пайызға да жетпейді. Соған қарамастан АҚШ валютасы бірінші орынды иеленіп келеді. Одан соң еуро тұр. Оның үлесі — 25 пайыз. Ал юань әлемде көп қолданылатын бес валютаның қатарына кіреді.
БРИКС елдері долларға тәуелділіктен арылуға мүдделі. Бұл үшін ортақ валюта құру туралы бастама да көтерген еді. Алайда бұл Президент Трампқа бірден жақпай қалды. Ақ үй басшысы 100 пайыз баж салығын енгіземін деп сес көрсетті. Десе де сарапшылар: «Көк қағаздың үстемдігі бір күнде орнаған жоқ. Сондықтан бір күнде жойылмайды», — дейді. АҚШ әлем экономикасының алпауыты саналады. Халықаралық Валюта қорының дерегі бойынша, Құрама Штаттардың жалпы ішкі өнімі 28 трлн доллардан асады. Одан соң 18 трлн доллармен Қытай тұр. Яғни экономика жағынан АҚШ-ты әлі озған ел жоқ.
Кей сарапшылар Президент Трамптың кейінгі бір жарым айда жасаған ірі сауда келісімдері, әсіресе сирек металдар бойынша мәмілелері долларды қайта күшейтеді деп санайды. Яғни доллар арзандағанымен, әзірге оған балама табыла қоюы қиын.