2025 жылғы 11 қарашада Ресейдің "Российская газета" басылымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың авторлық мақаласы жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Төменде мақаланың толық мәтіні ұсынылған.

Қазақстан мен Ресей – одақтас және стратегиялық әріптес мемлекеттер. Тарихтың өзі біздің мәңгілік достығымызды, барлық саладағы ауқымды ынтымақтастығымызды және гуманитарлық саладағы тығыз өзара іс-қимылымызды айқындап берді.

Біздің халықтар ғасырлар бойы қатар өмір сүріп, қуаныш пен сынақтарды бірге өткерді, Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін бірге қалыптастырды. Бізді дәстүрлі құндылықтарды бірдей қабылдау, қазіргі өмірдің өзекті мәселелеріне ұқсас көзқарас және бауырлас халықтардың игілігі жолындағы бірлескен жұмыс біріктіреді.

Осы мызғымас негіздің арқасында біз халықтарымыздың тарихына, мәдениетіне және дәстүріне өзара құрмет таныта отырып, көпқырлы ынтымақтастық жолымен сенімді түрде ілгерілеп келеміз.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән беріп келеді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасында, сондай-ақ кейінгі осындай құжаттарда да Ресей бағыты айнымас басымдық ретінде белгіленген.

1992 жылы Мәңгілік достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы алғашқы шартқа қол қойылды. Бұл құжат мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасын қалап, халықтарымыздың саналы таңдауын айқындайтын символға айналды.

Содан бері әлемде де, посткеңестік кеңістікте де көп нәрсе өзгерді, алайда сол келісім мәтінінде тұжырымдалған негізгі қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ: мәңгілік достық – жай ғана көркем сөз тіркесі емес, ол – қазіргі және келешек уақыттың күрделі, көпқырлы шындығын біздің халықтарымыздың философиялық және саяси тұрғыдан қабылдауының дәл көрінісі.

Қазақстан мен Ресей сапалы әрі мазмұнды стратегиялық әріптестік пен одақтастық орната алды. Мұндай ынтымақтастықтың негізінде – осы турбулентті, болжауы қиын заманда халықтарымыздың бірге болуға деген саналы ұмтылысы жатыр. Басқаша айтқанда, мәңгілік достық – біздің мемлекеттер мен халықтарымыз үшін жолбасшы жұлдыз.

Екі елдің қатынастарының ерекшелігі – олардың кемелдігі мен тұрақтылығы. Өйткені бұл байланыстар терең сенімге, өзара құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы үшін ортақ жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі барлық мәселелерге шешім табуға мүмкіндік береді.

Менің түсінігімде, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы – Еуразия қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың аса маңызды факторы.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастар жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеріледі.

Екіжақты ынтымақтастықтағы барлық жетістіктер Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің осы бағыттағы белсенді және нәтижелі қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол ғаламдық ауқымдағы мемлекет қайраткері ретінде зор құрметке ие, оның есімі әлемнің көптеген елдерінде саясаткерлер мен қарапайым халықтың аузында жиі аталады.

Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар саяси және практикалық маңызы жағынан тарихи оқиға болды. Астанада біздің серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашқан көлемді құжаттар топтамасына қол қойылды. Ең маңыздысы – санкциялық қысым мен халықаралық шиеленістерге қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығын және серпінді дамуын сақтап қала алды.

Алдағы Мәскеуге мемлекеттік сапарым қарсаңында Владимир Путинмен өтетін келіссөздердің айрықша маңыздылығын атап өткім келеді.

Соңғы бірнеше айда мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Олардың көпшілігі геосаяси спектрдің қарама-қарсы полюстерінде орналасқанына қарамастан, барлығы да Ресейдің және оның басшысының халықаралық қатынастардың түйінді мәселелерін шешудегі айрықша рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлем қайшылықтарын Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес.

Қазақстан мен Ресей шын мәнінде үлгі боларлық мемлекетаралық қатынастар орнатты. Үш онжылдықтан астам уақыт бойы біз екі халықтың игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастығымызды табандылықпен дамытып келеміз. Сондықтан Владимир Путинмен өтетін алдағы келіссөздер бұл қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше мәнге ие.

Мәскеуге жасалатын сапарымның кең күн тәртібіндегі негізгі тармақтардың бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы Декларацияға қол қою болмақ. Бұл құжат, сөзсіз, екіжақты байланыстардың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымаққа дайын екенімізді айқындайды.

Ресей Федерациясы – Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Ал өз кезегінде Қазақстан – Ресейдің негізгі бес сауда әріптесінің қатарында.

Біздің тауар айналымымыз тұрақты өсіп, бүгінде 30 миллиард АҚШ долларына жақындап қалды.

Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына қаржы құю көлемі бойынша жетекші орындардың бірін алады. Бұл Қазақстанның жоғары инвестициялық тартымдылығын, іскерлік байланыстардың беріктігін және екі мемлекет арасындағы өзара сенімді айқын көрсетеді.

Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. "Сибур", "Газпром", "Лукойл", "ЕвроХим" сияқты ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералдық тыңайтқыштар және өзге де жоғары технологиялық өнім өндіретін зауыттар салынуда. "Татнефть" компаниясымен автомобиль шиналарын шығару жолға қойылса, "КАМАЗ"-бен жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер өндірісі дамып келеді.

Жалпы алғанда, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес — өзара тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылуда, озық технологиялар трансфері жүзеге асуда, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыс нығаюда.

Біздің ынтымақтастықтағы ерекше орын энергетика саласына тиесілі. Бірлескен күш-жігердің арқасында Ресей энергия ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзиті қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар ірі энергетикалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы жүргізілуде.

Осы бағыттағы басты жоба – "Росатом" жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу болмақ. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын өндіруге дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жоба технологиялар трансферіне, мамандар даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және машина жасау мен аспап жасау сияқты байланысты салаларды дамытуға жаңа серпін береді.

Стратегиялық маңызы жоғары бағыттардың бірі – көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету деп есептеймін.

Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді – оның бесеуі теміржол, сегізі автомобиль жолы. Бұл бағыттар Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді.

Қазақстан мен Ресейдің аумақтық көлемі мен географиялық орналасуын ескере отырып, транзиттік бағыттар мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту Еуразияның көлік байланысын нығайту үшін аса маңызды. Осы мақсатта екі ел "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автомобиль дәлізінің өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Қазақстан–Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеді.

Біз бірлесе отырып, "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің шығыс тармағының мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салып жатырмыз. Бұл бағытта жүк тасымалы көлемі айтарлықтай өсуде. Аталған үдерісте Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағытының рөлі ерекше. Осы стратегиялық артерияның өткізу қабілетін алдағы бес жылда жылына 20 миллион тоннаға дейін арттыруды көздейтін жол картасына қол қойылды.

Аталған бағыттар біздің ынтымақтастығымызда маңызды орын алады. Алайда Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимыл ауқымы бұлармен шектелмейді — ол барлық мүмкін салаларды қамтиды. Екі ел үкіметтері алдына серіктестіктің алдыңғы қатарлы бағыты ретінде жоғары технологиялық жаңа салаларды дамыту міндеті қойылған. Дәл осы салалар болашақ экономикасының келбетін айқындайтын болады.