Шымкенттің Орталық саябағында қалалық полиция департаментінің бастамасымен және шаһар әкімдігінің қолдауымен түсірілген «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті. Іс-шарада көркем туындының алғашқы бөлімі таныстырылды. Ашық аспан астында үлкен LED-экран арқылы премьераны тамашалауға бес жүзден астам бала жиналды.

Жоба өскелең ұр­пақтың құқықтық мәдениетін қа­лып­тастыруға, кәме­летке тол­мағандар арасындағы құ­қық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ ұйымдастырушылар мультфильмнің мақсаты – балаларға заң мен әділдіктің, қоғамдық тәртіптің маңыз­дылығын жеңіл тілмен әрі қызы­ғатындай етіп түсіндіріп беру екенін жеткізді.

Анимациялық фильмдегі басты кейіпкер – елдің тәуелсіздігі мен күш-қуатын бейнелейтін Барыс аңы. Ол сюжет барысында балаларға адалдық пен құрметтің, ережелерді сақтаудың не екенін үйретіп, тәптіштеп түсіндіреді.

Іс-шара балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Оқушылар фильм тамашалаумен қатар, жол қозғалысы ережелері бойынша сұрақ-жауапқа қатысып, кинолог, криминалист және арнайы жасақ қызметінің жұмыстарымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ полицияның қиын да жауапты қызметінен сыр шерткен фотокөрмеге қатысты. Мерекелік іс-шарада қуыршақ театры, Шымкент циркі әртістері, жол қозғалысының жас инспекторлары сахналық қойылымдар қойды. Оның соңы өнерпаздар ұйымдастырған қызықты концертке ұласты. Сценарий бо­йын­ша ізгі ниеттің белгісі ре­тінде әуеге түрлі-түсті шарлар ұшырылды.

Өз кезегінде жоба авторлары «BalaZan» – тек мультфильм ғана емес, балаларға заң мен әділдікті, ең бағалы қасиет өзара құрметтеуді үйрететін маңызды тәрбиелік бастама екенін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Заң мен тәртіп» қағидасы жүзеге асырылып жатыр. Ол бірінші кезекте мемлекетте қоғамдық тәртіпті сақтауды көздейді. Өскелең ұрпақ жастайынан заңды сыйлап өссе, кейін есейгенде тәртіп бұзбайтын болады. Іс-шара арқылы осы идеямызды жеткізгіміз келді. Баланы жастайынан жауапкершілікті сезіндіріп тәрбиелесек, ондай ұл-қыздан ертеңгі күні өте ұқыпты, адал да тәртіпті азамат өсіп шығады. Балалардың да өз ортасы болады. Ол жерде де тәртіп бұзылуы мүмкін. Буллинг дейтін жаман әрекет қадағалаудың, дұрыс тәрбиенің болмауынан туындайды. Осындай теріс қылықтың алдын алу үшін де қалалық әкім­дікпен бірлесіп тәрбиелік мәні зор анимациялық фильм түсірдік. Мультфильм арқылы үлкен кісілерді сыйлауға, өзінен кішіге қамқорлық көрсетуге үйретуді мақсат тұттық. Бүгінде әлемде жаһандану үдерісі жүріп жатыр. Соның салдарынан мә­дениет, шекара атаулары жойылып барады. Бұл құбылыстың әсерінен адамдар мейлінше еркін, ешқандай ырым- тыйымға бағынбай өмір сүруге талпына бастады. Оның бір жаман жері – дәстүр мен тәрбиеге кері әсерін тигізеді. Әсіресе жаһанданудың құрбандығына бірінші жастар ілігеді. Сол үшін оларды теріс қылық, жаман мінезден сақтау – баршамыздың парызымыз. Осылайша, қалалық полиция жергілікті атқарушы билікпен тізе қосып, осындай тәрбиелік бағыттағы бастамаларды қолға алып жатыр. Оның нәтижесі жаман болмайды деген үміттеміз. Бала күнде берілген тәрбие, тағылымды білім адамның бо­йынан ешқашан жоғалып кетпейді. Осы мақсатқа орай балдырғандардың болашақта нағыз зиялы азамат болып қалыптасуына қазірден бастап кірісіп жатырмыз. Бас кейіпкері барыс болып балаларды дұрыс тәрбиеге баулитын анимациялық фильм жобасы осы айтылған сөздеріміздің басты айғағы», деді Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов.

Маманның мәлімдеуінше, «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру бағытында бүгінгі таңда департамент қызметкерлері үлкен жұмыс атқарып отыр. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында болатын қылмыстың алдын алу мен оларды түрлі құқық бұзушылықтан сақтау үшін мектептер мен арнаулы оқу орындарында маңызды кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сол басқосуларда тәртіп сақшылары оқушылар мен студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы жөнінде, жаман әдет-қылықтардың жеке адамның өміріне, оның отбасына және мемлекетке тигізер қандай кері әсері барын айтып түсіндіреді. Департамент мамандарының хабарлауынша, жас балаларға арналған анимациялық фильм жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады.

ШЫМКЕНТ