Жоғары кредит мөлшерлемесі құрылыс компанияларының шығындарын арттырып, бұл жүктемені ақыр соңында сатып алушылар көтеруі мүмкін. Соның салдарынан тұрғын үй бағасы өсуі ықтимал
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кредиттеу көлемінің белсенді артуы тек халыққа ғана емес, бүкіл экономикаға әсер етуде – бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін банктерден қарыз алады. Алайда жоғары пайыздық мөлшерлемелер бұл шығындарды түптің түбінде тұтынушыларға жүктейді.
Дәл осындай жағдай құрылыс саласында да байқалуда: 2025 жылдың тоғыз айында банктер құрылыс компанияларына өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға көп несие берген.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай үрдіс компаниялар үшін де, олардың клиенттері үшін де белгілі бір тәуекелдер туғызады.
Құрылыс бизнесі белсенді түрде қарыз алып жатыр
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, құрылыс компаниялары жобаларды іске асыру үшін қысқа мерзімді банктік несиелерді жиі пайдаланатын болған.
Бұл ретте олардың несие портфелінің айналым коэффициенті 1,35 – яғни құрылыс компаниялары қарызды тұрғын үйді сату есебінен өтейді.
Сарапшының айтуынша, құрылыс секторының белсенді кредиттелуіне ықпал еткен негізгі факторлар:
• соңғы жылы жандана түскен мемлекеттік және инфрақұрылымдық бағдарламалар;
• тұрғын үйге деген жоғары ішкі сұраныс (соның ішінде кейінге шегерілген сұраныс);
• 2024 жылғы төмен базалық әсер (сол жылы жаңа несиелердің берілуі 4,7%-ға азайған).
Алайда сарапшылар атап өткендей, бұл үрдіс халық үшін тәуекелдер тудыруы мүмкін.
Тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) президентінің орынбасары Виктория Теннің айтуынша, құрылысшылардың несиелік шығындары ақыр соңында сатып алушыларға жүктеліп жатыр.
Құрылыс компаниялары несиеге кеткен шығынның бір бөлігін сатып алушыға ауыстырады – яғни бір шаршы метрдің бағасы өседі. Олар ‘тірі ақша’ алу үшін үлескерлерге пәтерлерді ерте сатуға тырысады, осылайша несиелерін тезірек өтейді, – деп түсіндірді Виктория Тен.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдайда құрылыс секторының өсуі тұрақты экономикалық өсімнің емес, кредиттік қолдаудың нәтижесі болып отыр.
Яғни тұрғын үй құрылысы қазақстандықтардың нақты табысы мен сатып алу қабілетінің артуынан емес, саланың белсенді қарыз алуынан өсіп келеді. Ал егер баға әрі қарай да өссе, халық тарапынан сұраныс төмендеуі мүмкін.
Мұндай модель икемді, бірақ тәуекелі жоғары: егер сатылым кенет тоқтаса, компаниялар қаржы тапшылығына ұшырауы ықтимал, – дейді Рамазан Досов.
Сатылым деңгейі төмен застройщиктер өз несиелерін жаба алмауы мүмкін, бұл өз кезегінде құрылыстың тоқтап қалуына және банктер балансында “қиын” активтердің пайда болуына әкеледі.
Сарапшылар не ұсынады?
Мамандардың айтуынша, құрылыс саласындағы өсім экономикалық көрсеткіштерге оң әсер еткенімен, ол жалпы өнімділікті арттырудың нақты негізін қалыптастырмайды.
Ол үшін құрылыс материалдары өндірісін, инфрақұрылымды және технологияларды дамыту қажет.