Желіде видео тарап жатыр.

Ақтау қаласындағы шағын аудандардың бірінде қарсақтың емін-еркін жүргені туралы ақпарат тарады. Тұрғындар дала түлкісін көлік тұрағының маңайынан байқаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 19 шағын ауданда болған. ECOJER қауымдастығының аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов түлкі мен қарсақ секілді жабайы жануарлардың елдімекендерге келуін алаңдатарлық жайт деп отыр.

"Мұндай жануарлардың қалалық ортада жүруі қалыпты нәрсе емес. Жыртқыш ауру болуы мүмкін. Оған тамақ беруге, оны сипауға немесе қасына жақындауға болмайды. Бұл туралы тиісті шараларды қабылдау үшін ветеринариялық бақылау инспекциясына хабарлау керек", – деді маман.

Эколог мамандар қалада жабайы жануарды кездестірген жағдайда қашықтықты сақтап, онымен байланысқа түсуге тырыспау керек екенін де айтады.

Қарсақ немесе дала түлкісі – ит тұқымдасы, түлкі туысына жататын жататын жыртқыш. Жануар Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Азияның далалық, жартылай шөлейтті және шөлейт аймақтарында таралған. Бұл жыртқыш солтүстік Ираннан бастап, Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Ауғанстан және Орта Азиядан Моңғолияға және Қытайдың солтүстік-шығысына дейінгі жерлерде кездеседі.