21 жастағы Асылжан Алтай және оның достары ағылшын тілін жылдам меңгеруге арналған Aleem қосымшасын даярлап шықты. Қазір бұл қосымшаның алдына App Store-да ешкім түсіп тұрған жоқ. Шет тілін шебер үйрететін Duolingo-ны да Асылжанның қосымшасы басып озды, деп жазады Egemen.kz.
Асылжан Шымкент қаласының тумасы. Қазір АҚШ-та оқиды. Ағылшын тілін жас кезінен үйрене бастаған. 12 жыл ереже жаттап, сөздік ақтарған ол Стэнфорд университетінде сайрай жөнелемін деп ойлаған. Алайда жағдай студенттің жоспарындай болмай шықты.
«Сол сәтте бір ой санама сарт ете қалды. Бұған дейінгі әрекетім білім алу емес, білім алудың ишарасы ғана екен. Адам тілді үйренбейді, игереді екен. Сондықтан мен тіл үйрететін арнаулы платформа жасау керектігін ұқтым», дейді Асылжан Алтай.
Әзірге қолданба тек iOS-та қолжетімді, андройд үшін енді бейімделіп жатыр. Жұмыс жүйесі жасанды интелектіге негізделген. Чат-бот арқылы тіл үйренуші сауал жолдап, қосымшаның өзінен тапсырма алып тұрады. Күніне 40 минут сабақ оқиды. Сабақ ойын форматында өтетіндіктен, еш жалықтырмайды. Әр сабақ келесі ойын кезеңі секілді өткеріледі.
«Біз бұл жобаны ешқандай инвестициясыз жасап шықтық. Мыңдаған сағатымызды сарп еттік. Еңбегіміз ақталып 15 млрд долла тұратын Duolingo қосымшасын жүктелім жағынан артта қалдырдық. Бұл тұрғыда түркі мемлекеттерінде қолданыс көп. Қазір қосымшамыз көрші қырғыз, өзбек, тәжік елдерінде, сонымен қатар Ресей, Украина, Белорусь елдерінде кең көлемде қолданылып жатыр», дейді жоба авторлары.