Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Instagram желісінде Алматыдағы балалар үйі аумағында болған өртке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Балалар омбудсмені кеше ғимараты өрттен зақымданған балалар үйінде тұратын балаларға барғанын мәлім етті.
Қазіргі таңда балалар санаторий ғимаратына орналастырылды.
"Қазір жалпы 29 бала қалды, өйткені алтауын ата-анасы алып кеткен. Бірер күннің ішінде олар қордың басқа ғимаратына көшіріледі, ол мектепке жақынырақ орналасқан", — деді Зәкиева.
Сондай-ақ ол өрттен зақымданған ғимаратты үш ай ішінде қалпына келтіру жоспарланып отырғанын айтты.
"Өрт болған ғимаратты жөндеу жұмыстары үш айдың ішінде аяқталады деп жоспарлануда", — деп жазды омбудсмен.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қараша жексенбіде Алматыдағы балалар үйінің аумағынан өрт шыққанын жазған едік.
ТЖМ-ның мәліметінше, балалар үйі ауласындағы асхана мен оған жапсарлас салынған үш қабатты ғимараттың шатыры өртке оранған.
Оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасап, жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылғанын жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз