Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Астана қаласындағы спорттық ғимараттан қуылғанын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Журналистің сөзіне сенсек, «Астана аренаның» сыртында фотоға түсіп жатқан оны ғимарат күзетшісі қуып шыққан.
«Астана аренадан» қуып шықты!
Қуып шыққанда, ішіне кірген де жоқпыз. Сыртында жүріп, сыртыннан қуылып жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, көлік тұрғына барып, фотоға түсе бастап едік. Күзетші жетіп келді. Біреу емес, үшеуі кезек-кезек әкіреңдеуге көшті. «Мына жерден кетіңдер! Бұл – жеке территория! Арнайы рұқсат керек!». Вообщым, соңында полиция шақырам деп қорқытты. Бұл – бірінші жағдай емес. Үнемі осылай нетеді. Уже шегіне жетті. Түсінбейтінім, қаладағы спорттық ғимараттардың сыртында жүруге және сөйлеуге неге шектеу қойылады? Бұл талаптар дұрыс па? Жалпы «Астана Аренаны» жекеге бергенінің өзі дұрыс па? Ол жекенің осынша қорқытып-үркітіп, адам жуытпауы дұрыс па? Ішіне кіргізбесе ок. Ал, енді сыртында жүру үшін неге және кімнен рұқсат алуымыз керек? Бұндай талап әлемнің ешбір елінде жоқ қой? Мен, жарайды, бұл мәселені ашып жаза аламын. Ал, енді қаншама адам осындай қарым-қатынастан көңілдері қалып, іштей булығып кетті? Қанша турист ыңғайсыз жағдайға қалды? Неге аренаның айналасындағы адамдарды «халық жауы» көресіңдер? Қысқасы, «Астана Аренаны» қаладан 100-200 шақырым жерге көшіріп әкетіңдер! Ешкім бармайды, ешкім көрмейді…», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары да ғимарат күзетінің бұл әрекетін қатаң сынауда.
«Әлеуметтік маңызы бар нысаналы мекемелерді жеке меншікке беру дұрыс емес. Осындай бассыздықтың орын алуы ҚР азаматтарының құқығын шектеумен тең», «Сұмдық», «Бұлай шектеу қоюлары дұрыс емес», «Неге мемлекет соққан ғимарат жекеге өтеді», — деп жазды олар.