АҚШ президенті Дональд Трамп ел азаматтарына 2000 доллар көлемінде төлем жасауға уәде берді. Бұл қаржы кедендік баж салығынан түскен кіріс есебінен бөлінбек.
Трамптың айтуынша, төлемдер жоғары табысы бар азаматтарға берілмейді. Ол АҚШ-тың кедендік баждар арқылы триллиондаған доллар табыс тауып отырғанын және жақын уақытта 37 триллион доллар көлеміндегі мемлекеттік қарызды өтеу процесін бастайтынын мәлімдеді.
«Кедендік баждарға қарсы шыққандар – ақымақтар. Біз – әлемдегі ең бай әрі ең құрметті елміз. Инфляция нөлге жуық, қор нарығында акция бағалары рекордтық деңгейге жетті. АҚШ-қа бұрын-соңды болмаған көлемде инвестициялар келіп жатыр, елде жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылуда», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Ақ үй басшысы бірқатар мемлекеттерге қатысты жаңа кедендік тарифтер енгізілетінін жариялаған болатын.