Полиция қызметкерлері WhatsApp топтарының көмегімен ірі мал ұрлығын әшкереледі.

9 қарашада Қарағанды облысы полиция департаментіне Астана қалалық полиция департаментінен ұрланған жылқылар тиеген КамАЗ жүк көлігі Қарағандыға қарай бағыт алып бара жатқаны жөнінде жедел ақпарат түскен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Теміртау қаласындағы блок-бекеттердің бірінде тексеріс жүргізіп жатқан патрульдік полицейлер аталған көлікті тоқтатты. Көлікті басқарған азамат Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны болған.

– Тексеріс барысында жүргізуші 45 бас жылқыны Степногорск қаласының тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Жылқылардың нақты иелерін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды бейнежазбаға түсіріп, әр өңірдегі шаруа қожалықтарының чаттарына жіберген, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.

Біраз уақыттан кейін Ақмола облысының 54 жастағы тұрғыны бейнежазбадан өзіне тиесілі ұрланған 27 жылқысын таныған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.