Астанада 9 қараша күні Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XXVI отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі — Ресейдің көші-қон заңнамасындағы жаңа өзгерістерге байланысты қазақстандық автотасымалдаушылардың тап болған проблемалары.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік азаматтардың Ресейде тіркеусіз болу мерзімі бір жыл ішінде 180-ден 90 күнге дейін қысқарды. Осыған орай, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қазақстандық жүргізушілер үшін бұрынғы заң талаптарын қайтаруды сұрады.
Өз кезегінде, Ресей тарапы халықаралық тасымалды жүзеге асыратын қазақстандық жүргізушілердің бұрынғы болу мерзімін 180 күнге дейін қайтару жөніндегі мәселені тез арада шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, отырыс барысында тараптар көлікке қатысты өзара іс-қимыл мәселесін кеңінен талқылады. Атап айтқанда, қыркүйекте Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың іске қосылуына және Қытай – Еуропа – Қытай бағыты транзитіндегі жоспардағы өсуге байланысты теміржол тасымалы көлемін ұлғайту перспективасы қаралды. Бұл ретте, Қазақстан-Ресей өткізу пункті арқылы өтетін жүктердің перспективалық көлемін бірлесіп бағалау туралы, сондай-ақ екіжақты және транзиттік қатынастағы жүк ағынын ұлғайту үшін «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға одан әрі жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұнымен қоса, агроөнеркәсіптік кешен мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар жоғары өнімділігі, сыртқы факторға төзімділігі және жақсартылған сапалық сипаттамалары бар ауыл шаруашылығы дақылының бәсекеге қабілетті жаңа сорттарын құру жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, азық-түлікпен өзара сауда көлемін кеңейту туралы уағдаластық жасалды.
Комиссияның келесі отырысы 2026 жылы Омбыда (Ресей Федерациясы) өткізілмек.
Бұған дейін Үкіметте Алматы әуежайын жаңғырту жұмыстарының барысы қаралғанын жазғанбыз.