Қостанай облысының прокуратурасы тұрғындарды жабайы жануарлардан абай болуға шақырды – түлкіні қызық көріп, ұялы телефонына түсірмек болған Қостанай облысының тұрғыны оқыс жағдайға тап болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Прокуратура мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 22 қазанда "Эталон" ЖШС кәсіпорнының өндірістік аумағында болған. Кәсіпорынның қауіпсіздік қызметінің қызметкері жабайы жануарды байқап, оны қызық көріп, ұялы телефонына бейнежазба түсірмек болады. Ол жеке қауіпсіздік талаптарын елемей, жануармен байланыс орнатуға әрекет жасаған.

Жабайы жануар агрессия танытып, салдарынан зардап шеккен қызметкер профилактикалық тексеру үшін Жітіқара аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жүгінді.

Медицина мамандары тексеру жүргізіп, барлық қажетті медициналық көмек көрсетті, оның ішінде вакцинация жасалды. Ауруханаға жатқызу қажет болмады, зардап шеккен қызметкердің жағдайы тұрақты

"Жеке құрылғыға түсірілген бейнежазба оқиғадан кейін рұқсатсыз үшінші тұлғаға берілді. 2025 жылғы 5 қарашада бұл бейнежазба мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде кең тарала бастады.

Осыған байланысты 2025 жылғы 6 қарашада Жітіқара ауданының жергілікті атқарушы органымен жергілікті БАҚ алаңдары арқылы мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми ақпараттық хабарлама жүргізілді", — дейді прокуратура өкілдері.

Қазіргі таңда аудан аумағында жұмыс тобы құрылған, оның құрамына жергілікті атқарушы орган, прокуратура, полиция бөлімі, ветеринарлық станция, ветеринарлық инспекция және аңшылық қоғамының өкілдері кірді.

"Тұрақты түрде 109 call-орталығы жұмыс істейді, ол азаматтардан жабайы жануарларды кездестіру жағдайлары бойынша, өтініштер қабылдайды. 2025 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша елді мекен аумағында жабайы жануарлардың пайда болғаны туралы 4 өтініш түсті. Барлық өтініш бойынша шара қабылданып, уәкілетті органдардың бақылауына алынған.

Құрметті азаматтар, жабайы жануарларды байқаған жағдайда жеке қауіпсіздік шараларын сақтаңыздар және олармен байланыс орнатуға тырыспаңыздар. Осындай жағдайларды анықтаған кезде дереу 109 нөміріне хабарлауыңызды сұраймыз", — деп ескертті прокуратура өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз