Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тұрғын үй қаптамасының опырылып түсуі салдарынан зардап шеккен тұрғындардың қазіргі жағдайы қандай екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Басқарма мәліметінше, тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлап, салдарынан бес адам зардап шекті.

"Зардап шеккендердің бәрі №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Бір науқастың жағдайы аса ауыр, оған шұғыл операция жасалуда. Екі адам жансақтау бөлімінде, олардың жағдайы ауыр. Тағы екі науқастың жағдайы тұрақты, олар бөлімшеде ем қабылдап жатыр. Барлық зардап шеккен адам дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оларға материалдық көмек те беріледі, әрі қарай емдеу мен оңалту шаралары жүргізіледі", — делінген Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада тоғыз қабатты үйдің сыртқы қаптамасы құлап, салдарынан бес адам жарақаттанғанын хабарлаған болатынбыз.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз