Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылдық округінде сібір жарасы өлексесі орналасқан жер бар. Аталған жер учаскесі жеке меншікке тиесілі және "Транспетролеум" ЖШС аумағында орналасқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мұрағат деректері бойынша, 1958 жылы бір ірі қара мал жерленген, ал 1968 жылы екі ат жерленген.
Аталған нысанның айналасына 1000 метр радиуста санитарлық-қорғаныш аймағы белгіленген. Бұл аймақ Байсерке ауылының бір бөлігін және көршілес Кіші Байсерке ауылының кейбір жер учаскелерін қамтиды.
Қазіргі уақытта санитарлық-қорғаныш аймағындағы тұрғын үйлер мен басқа нысандарды қоныс аудару немесе бұзу мәселесі қарастырылмайды. Жергілікті халыққа қауіп жоқ.
Мәселені жан-жақты зерттеу және қажетті шараларды анықтау үшін 2025 жылғы 6 қазан күні Іле ауданының әкімі №8 бұйрыққа сәйкес жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобының төрағасы – ауданының әкімінің орынбасары. Топ құрамына аудандық ветеринарлық инспекция, ветеринарлық бөлім, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі өкілдері, сондай-ақ "Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институты" ЖШС ғылыми кеңесшілері, ауылдық округ әкімдігі өкілдері және ауыл белсенділері кірді.
Қазіргі уақытта жұмыс тобы ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жұмыс тобы екі отырыс өткізді. Онда жерленген жердің нақты орнын анықтау, санитарлық-қорғаныш аймағын түзету және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар дайындалды.
Мұрағат құжаттары мен жинақталған деректер талданып жатыр. Жерленген жер мен оның санитарлық-қорғаныш аймағына қатысты соңғы шешім жақын ай ішінде жұмыс тобының қорытынды отырысында қабылданады. Осы шешімге сәйкес қажетті шаралар анықталмақ.
Сонымен қатар, Іле ауданы әкімінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі «Аудан аумағындағы сібір жарасы жерленген орындарды анықтау туралы» шешіміне қажетті түзетулер енгізіледі.