7 қарашада Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шара "Аль-Джандрия" ипподромында ұйымдастырылды. Мұнда Сауд Арабиясына тән дәстүрлі нақыштар заманауи жарық шоуымен, 3D-көрініспен, дрондар қойылымымен және өнерпаздар мен фольклорлық топтардың әсерлі өнерімен үйлесім тапты.
Эр-Риядтағы ойындар "One Nation" ("Бір ұлт") ұранымен өтуде. Бұл ұран ислам әлеміндегі елдердің бірлігі мен өзара түсіністігін білдіреді. Аталған идея ашылу рәсімінің мәдени бағдарламасында да айқын көрініс тапты.
Салтанатты шараның негізгі бөлігі ретінде дәстүрлі спортшылар шеруі өтті. Онда Исламиада-2025 турниріне қатысушы 57 елдің өкілдері сап түзеді. Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы мен дзюдошы Аруна Джангельдина болды.
Айта кетейік, Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындары 21 қарашаға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасының атынан 100-ден астам спортшы қатысып, жарыс бағдарламасына енген 23 спорт түрінің ішінен 15-інде бақ сынайды.