7 қарашада Павлодар облысында жолаушылар автобусы жол жиегіне аударылып, салдарынан бір адам қаза тауып, алтауы жарақат алды, деп өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Өңірлік ПД өкілдерінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы "Павлодар–Қызылорда" автожолында, Шідерті кентінен 10 шақырым жерде орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша рейстік автобустың жүргізушісі көлікті басқара отырып, оны жол жиегіне аударып алған.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан бір жолаушы көз жұмып, тағы алты адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады.

Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, әсіресе қозғалысы қарқынды учаскелерде, көлік құралдарының техникалық жағдайын қадағалауды және ауа райының өзгеруін ескеруді еске салады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз