"Қазпошта" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев депутаттық сауалға берген жауабында ауылдық елді мекендерде газет-журнал жеткізу қызметінің қымбаттауына себеп болған жайттарды айтты, деп хабарлайды Zakon.kz
Оның айтуынша, ауылдардағы мерзімді баспасөз басылымдарын (газет-журналдарды) жазылу арқылы тарату қызметінің шекті бағасын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
"Мемлекет тарапынан ішінара субсидияланатын зор шығындарға қарамастан, "Қазпошта" өз әлеуметтік міндетін орындап, әрбір жазылушыны газет-журналдармен қамтамасыз етіп отыр. Газеттерге жазылушылар саны мен басылымдардың шығу жиілігі азайған сайын, әр дананы өңдеу мен жеткізу құнының өзіндік бағасы өседі", – делінген жауапта.
Сондай-ақ, Бекежан Жәкеев компания шығындарының едәуір артқанын атап өтті.
"Соған қарамастан, "Қазпошта" ұзақ уақыт бойы бұрынғы тарифтерді ұстап тұрды. Бұл – редакциялардың қаржылық жүктемесін азайтып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мақсатында жасалды", – деді "Қазпоштаның" басшысы.
Бұған дейін Қазақстанның басым бөлігінде қар, жаңбыр және боран күтілетіндігін жазғанбыз.