Әскерді жаңғырту процесі жалғасады.

Әзербайжан Солтүстік Атлантикалық альянспен әріптестікті дамытуын жалғастырады. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев НАТО делегациясымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

"Әзербайжан өз жерлерін оккупациядан азат етіп, осы арқылы тәуелсіздігін қалпына келтірген сәттен бастап қойылған басты мақсатқа қол жеткізді. Әзербайжан әскерін жаңғырту процесі жалғасады", – деді Ильхам Әлиев.

Оның сөзінше, Әзербайжан Қарулы күштері біртіндеп НАТО стандарттарына сәйкестендіріледі. Олар бұл бағытта Түркия әскерімен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

"Біздің альянспен қарым-қатынасымыз әскери саланы ғана қамтымайды. Өңірлік даму, энергетикалық қауіпсіздік пен бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі бірлескен күш-жігер де маңызға ие", – деді Әзербайжан басшысы.

Әзербайжанның халықаралық операцияларға, соның ішінде Ауғанстандағы миссияға қатысуы НАТО-мен ынтымақтастықтың маңызды бағыты болмақ. НАТО делегациясының мүшелері Әзербайжанның НАТО операцияларына қосқан үлесін жоғары бағалап отыр.