Түркістандық прокурорлар жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесті және меморандумды бұзды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 7 қарашада Түркістан облысы прокуратурасы мәлімдеді.

"Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдалану жағдайларын болдырмау және алдын алу мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Арнайы "Дрон" құрылғысының көмегімен Сауран ауданы аумағындағы "Құрсай" өзені бойында жер қойнауының тұтастығын бұза отырып, кең таралған пайдалы қазбалардың (құм-қиыршықтас қоспасы) заңсыз өндірілгені анықталды",- делінген ақпаратта.

Ведомство жер қойнауын заңсыз пайдалану халық наразылығын тудыратын және қоғамдық-саяси тұрақтылық пен қоршаған ортаға теріс әсер ететін факторлардың бірі болып табылатындығын атап өтті.

"Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде заңсыз жасалған меморандум бұзылып, тәртіптік теріс қылыққа жол берген Шаға ауылдық округінің әкімі қызметінен босатуға ұсынылды, аудан әкімінің орынбасары мен полиция қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды",- деп мәлімдеді ведомство.

Бұған дейін Маңғыстау облысында қамаудағы азаматқа телефон жеткізу әрекеті әшкереленгенін жазғанбыз.