Астана қаласында "Астана — есірткісіз қала!" кешенді жоспары мен "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы бағытталған ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Жыл басынан бері елордада полицейлер заңсыз айналымнан 422 келіден астам түрлі есірткі затын, оның ішінде 40 келі синтетикалық есірткіні тәркіледі. Сонымен қатар екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, мыңнан астам есірткі қылмысы әшкереленді.

Оның ішінде 312 дерек есірткіні сату фактілеріне қатысты. Заңсыз есірткі сақтады және сатумен айналысты деген күдікпен 34 жастағы ер адам ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту барысында 11 келі гашиш және 10 келі марихуана табылып, тәркіленді.

Елорда аумағында өткізілген "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы да нәтижелі болды. Оның қорытындысы бойынша заңсыз айналымнан 350 келіге жуық есірткі заты тәркіленді. Бүгінде Астанада есірткі қылмысының алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау ерекше назарда тұр.

Мектептер мен жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы дәрістер, акциялар және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл кездесулерге танымал спортшылар мен блогерлер қатысып, жастарға есірткі тұтынудың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Астана қаласы полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға, белсенді азаматтық ұстаным танытуға және есірткі мәселесіне бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздік — баршаның ортақ жауапкершілігі.