Келер жылы бюджеттен LRT жобасына 66 млрд теңге бөлу қарастырылған .
Бұл қаражат әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі желінің бөлігіне арналып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астана әкімдігі де келер жылдың бюджетіне 66 миллиард теңге көлемінде қаражаттың кіргенін растаған.
Дегенмен, бұл қаражат жаңа құрылысқа немесе сатып алуға емес, LRT жобасы бойынша ҚҚС төлеуге жұмсалатыны белгілі болды. Әкімдік мәліметінше, кейін алынған қаражат республикалық бюджетке салық түрінде қайтарылады екен.
Айта кетейік, әкімдікке және жобаның тапсырыс берушісіне тиесілі Astana LRT компаниясы 2008 жылы құрылды. 2011 жылы алғашқы капсула салынып, құрылыс жарияланды. Алайда, қаржыландыру мәселелеріне байланысты жоба көп ұзамай тоқтатылды.
2014 жылы қытайлық серіктестермен жобаны қайта бастау туралы шешім қабылданды. Сол кезде Қазақстан Қытай даму банкінен 1,6 миллиард доллар несие алды. Кейінірек бұл қаражаттың бір бөлігі – шамамен 257 миллион доллар Астана банкі арқылы жоғалып кеткені анықталды.