Ол мұндай "әзіл видеоның" денсаулығына кері әсер еткенін айтып шағымданған.

Блогерлердің қорқынышты "ойыны" Еркебұлан Жексенбековтің психологиясын тас-талқан еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ол "менің орымда жүрегі әлсіз адам болса, жағдай мүлде басқаша өрбитін еді" дегенді айтады.

Қазақстандық жігіт сол күні қонақтан қайтып келе жатқан. Сонда қолында арасы бар белгісіз біреу мен тағы бір жарақат алған адам лифтке кірген. Сосын қолында адамға тым қауіпті техникасы бары оған шабуылдауға әрекет еткен.

Жігіттің сөзінше, ол оқиғадан соң бірнеше күн бойы есін жия алмай жүрген.

– Менің орнымда жүрегі әлсіз адам болса, не боларын елестету де қорқынышты. Бензопиламен кіріп келгенде, не болып жатқанын түсінбей, тіпті тұтығып қалдым. Ол қосылып тұрған кезде ішінен май шашырап, шалбарым былғанып кетті. Қатты қорқып, екі күн бойы өз-өзіме келе алмадым. Содан бері лифтіге мінбей, тек баспалдақпен жүретін болдым, – деді Еркебұлан Жексенбеков.

Полиция өкілдері бұл пранкты ұйымдастырған адамның бұған дейін де осындай әрекеттері үшін бірнеше рет әкімшілік қамауға алынғанын алға тартады.

Ал психолог Алтыншаш Матаева мұндай жағдайлардан кейін өзінен көмек сұрап келген адамдардың барын растады.

– Пранктан кейін адамның бойында қорқыныш ұстамалары, ұйқы мен тәбет жоғалуы сияқты белгілер пайда болды. Мұны реттеу үшін 5-6 кездесу қажет болды, – дейді ол.

ІІМ өкілдері желіде осындай даулы пранктардың көбейіп келе жатқанын мойындады.

Бұған дейін отандық блогердің пранк жасағаны үшін сотталып кеткенін хабарласақ, депутат Нартай Сәрсенғалиевтің блогерсымақтарды жауапқа тартуды ұсынғанын да жаздық.