Қоғамдық сенім – ең қымбат капитал.
Бұл туралы PR және медиа саласының кәсіби қауымдастығы өткізген панельдік сессияда ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, қазіргі цифрлық заманда жалған немесе контекстен жұлып алынған ақпараттың салдары қоғамның сеніміне зор нұқсан келтіреді.
– Бір ғана видеомен қоғам көзқарасын 180 градусқа өзгертуге болады. Мысалы, Өскеменде полиция қызметкерлеріне қатысты тараған видео көпшіліктің наразылығын тудырды. Алайда кейін біздің тараптан бейнебақылау видеолары жарияланған соң, шындық басқаша екені анықталды. Бірақ сол сенімді қалпына келтіруге көп ресурс жұмсалды. Сенімнің құны – өте жоғары, – деді ол.
ІІМ өкілі қоғам тарапынан ашықтыққа деген сұраныстың артқанын атап өтті. Министрлік өз кезегінде цифрлық технологияларды енгізу арқылы халықпен кері байланысты күшейтіп келеді.
– Бүгінде 102 мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Сонымен қатар Kaspi, Halyk және eGov платформаларында "Заң мен тәртіп" атты жаңа сервис іске қосылды. Азаматтар фото немесе бейнежазбаны қоса тіркеп, шағымын небәрі бірнеше батырманы басып жібере алады. Егер алғашқы айда небәрі 500 өтініш түссе, үш айдың ішінде олардың саны 30 мыңнан асты, – деді Алекешев.
Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, сенімнің негізгі бөлігі – жалған ақпаратпен жүйелі күрес. Ол биыл жалған ақпарат таратқаны үшін 64 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын және тағы 14 қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.
Іс-шара Астана қаласында өтіп жатқан Astana Media Weeek 2025 форумы асясында ұйымдастырылды.