Қазақстанда жасалған Stadler вагондары солтүстік аймақта климаттық сынақтан сәтті өтті
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астанадағы «Штадлер Қазақстан» ЖШС зауытында өндірілген жолаушылар вагондары еліміздің солтүстік өңірінде арнайы климаттық сынақтан өткізілді.
«Вагондар климаттық сынақтан сәтті өтіп, сырттағы ауа температурасы –10 °C және одан төмен болғанда да, купе ішіндегі ауа температурасы +22 °C деңгейінде тұрақты сақталды», — дейді компания.
Stadler вагондары Қазақстанның солтүстігіндегі климаттық сынақтан сәтті өтті
© Photo : «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы
Жаңа Stadler вагондарының әр купесі жолаушылардың жеке жайлылығын қамтамасыз етуге арналған заманауи басқару панелімен жабдықталған. Бұл жүйе арқылы жолаушы температура мен жарықты өз қалауына қарай реттей алады. Ал қажет болған жағдайда бір батырманы басып жолсерікті шақыра алады.
«Вагондардың инженерлік шешімдері оларды –50 °C-тан +45 °C-қа дейінгі температура аралығында пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл үшін қосымша жылу оқшаулағыш материалдар қолданылып, қуатты жылыту және желдету жүйелері орнатылған, сондай-ақ дизельді қозғалтқыштарға арналған алдын ала жылыту құрылғылары қарастырылған», — дейді компания мамандары.
Биыл қыркүйек айында Stadler жолаушылар вагондары Кеден одағының техникалық регламенті ТР ТС 001/2011 талаптарына сәйкес сертификаттаудан өте бастады. Бұған дейін вагондар елдің оңтүстік және шығыс өңірлерінде 10 000 шақырымнан астам сынақтық бағыттарды еңсеріп, тежеу жүйесінің, жүріс бөлігінің және негізгі қауіпсіздік элементтерінің сенімділігін дәлелдеді.
Stadler вагондары Қазақстанның солтүстігіндегі климаттық сынақтан сәтті өтті
© Photo : «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы
Қазақстанда өндірілген алғашқы вагондар 2025 жылдың желтоқсан айында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға тапсырылады. Сонымен қатар Stadler компаниясы жылжымалы құрамға 20 жыл сервистік қызмет көрсетеді. Жалпы келісім бойынша 2030 жылға дейін 557 вагон өндіру жоспарланған.