Бұл қадам қос елдің қарым-қатынасын нығайта түсері сөзсіз.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы "С5+1" форматы аясында алғашқы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазақстанның Ұлттық банкі мен америкалық "Visa" трансұлттық компаниясы сандық төлемдер мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған рәсімге Ұлттық банктің төраға орынбасары Ақылжан Баймағамбетов пен Visa-ның мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі жаһандық жетекшісі Роберт Томсон қатысты.
А.Баймағамбетовтың айтуынша, меморандум цифрлық төлем шешімдерін сынақтан өткізу, биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізу, қаржы нарығында киберқауіпсіздікті күшейту салаларын қамтиды.
Томсон өз кезегінде "Қазақстан цифрлық төлемдер мен инновация саласында көшбасшы бола алады. Біз барлық деңгейде: жеке тұлғадан үкіметке дейін – цифрлық технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз еткіміз келеді" деді.
Бұл бастама 6 қарашада АҚШ астанасында өтетін "Орталық Азия – АҚШ" саммиті аясында болып отыр.