2025 жылдың 6 қарашасында Сенат депутаты Амангелді Есбай өзінің депутаттық сауалында психологтар мен өзін "коуч" деп атайтын адамдардың бақылаусыз қызметі қоғамда үлкен проблемаға айналғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Депутаттың пікірінше, психологиялық көмек көрсету саласында заңнамалық және кәсіби бақылаудың болмауы салдарынан нарықта тиісті білімі мен кәсіби дайындығы жоқ адамдар еркін жұмыс істеп, өздерін психолог немесе коуч деп атап жүр.
"Мұндай "мамандардың" жеке және отбасылық өмірге араласуы, құпиялылықты бұзуы және кеңес алған азаматтардың эмоционалдық жағдайының нашарлауы туралы шағымдар көбейіп келеді. Әсіресе қысқа мерзімді курстар өткізіп, соңында қатысушыларға сертификат беретін топтар алаңдатуда. Олардың тәсілдерінің ғылыми негізділігі күмән тудырады, кейде дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келеді. Тіпті кейбірі діни нормаларды өз бетінше бұрмалап түсіндіреді, нәтижесінде жалған түсініктер қалыптасып, ерлі-зайыптылар арасында келіспеушіліктер туындайды", – деді Есбай.
Сенатордың айтуынша, мұндай адамдар бала тәрбиесіне қатысты күмәнді кеңестер береді, ал эмоционалдық зорлық элементтері "ұсыныс" ретінде жасырын түрде беріледі. Соның салдарынан ата-ана мен бала арасындағы сенім жоғалып, психологиялық жарақаттар мен отбасылық ажырасулар жиілеп кеткен.
"Сонымен қатар, жалған коучтар "бизнес бастайсың", "қаржылай тәуелсіздікке жетесің", "сананы бағдарламалап миллионер боласың" деген ұрандармен адамдарды несие алуға итермелейді. Нәтижесінде азаматтар қарызға батып, қаржылық дағдарысқа түседі, бұл олардың жеке және отбасылық өміріне теріс әсер етеді", – деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстанда жеке тәжірибемен айналысып жүрген психологтар мен коучтардың нақты саны белгісіз, себебі бірыңғай тіркеу немесе лицензиялау жүйесі жоқ. "Психолог" және "коуч" атауларын кәсіби талаптарға сай келмейтін, қысқа курстарды ғана аяқтаған адамдар еркін қолдануда. Құпиялылықты бұзғаны, клиентке зиян келтіргені немесе эмоционалдық манипуляция жасағаны үшін жауапкершілік тетіктері де нақты қарастырылмаған.
Сондай-ақ сенатор олардың көпшілігі құқықтық өрістен тыс жұмыс істейтінін айтты: қызметтері тіркелмейді, төлемдер қолма-қол немесе мобильді аударым арқылы алынады және салыққа алынбайды. Бұл салықтық әділетсіздікке және көлеңкелі экономиканың өсуіне себеп болып отыр.
"Заңмен лицензиялау және кәсіби тіркеу тетіктерін енгізу, психологтар мен коучтардың бірыңғай ұлттық тізілімін құру қажет. Сондай-ақ заңда этикалық кодекс пен құпиялылықты сақтау талаптарын бекітіп, клиенттің жеке деректерін жария еткені үшін құқықтық жауапкершілік белгілеу керек. Табыс ашықтығын арттыру үшін жеке психологтар мен коучтарды табысын декларациялауға және салық есебін тапсыруға міндеттеу қажет", – деп ұсынды сенатор.
Бұған дейін Павлодарда бостандыққа шыққан азаматтарға қолдау көрсетілуде екенін жазғанбыз.