Павлодар облысының полиция департаменті "Жаңа жол" республикалық акциясы аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға қоғамға бейімделу және жаңа өмір бастауға көмектесіп жатыр.
6 қазан мен 6 қараша аралығында еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның басты мақсаты – өз қателігін түсініп, түзелуге ниет білдірген азаматтарға нақты қолдау көрсету.
Павлодар қаласында өткен дөңгелек үстел барысында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу тетіктерін талқылады.
"Біздің міндетіміз – түзелуге дайын адамдарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру. Мұндай бастамалар жай ғана формалды шара емес, әрбір адамның өзгеруге лайық екенін көрсетеді", – деді Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Полицейлердің қолдауымен жергілікті тұрғын Ольга жеке сүйемелдеу бағдарламасына қосылып, кешенді бейімдеуден өтуде. Оған жеке куәлігін рәсімдеуге, медициналық мекемеге тіркелуге және психолог көмегін алуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ өзін-өзі қабылдауды жақсарту мақсатында косметолог қызметі ұсынылды. Қазір ол жұмыспен қамту орталығында тіркеліп, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
"Жаңа жол" акциясы – адамға сенім мен қолдау көрсетілсе, оның өмірін өзгертуге әрдайым мүмкіндік бар екенін дәлелдейді", – дейді полицейлер.
Павлодар облысының полициясы мұндай бастамалар тек құқықтық емес, сонымен бірге адамгершілік тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Олардың пікірінше, түзелуге ұмтылған азаматтарға сенім артып, қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беру – "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының басты мақсаты.