Бірқатар түзетулер енгізілді.

Сенаттың жалпы отырысында "Зияткерлік меншік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заңның мақсаты – зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды жетілдіру, креативті экономиканың дамуына қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту және осы саладағы құқықтық реттеуді тиімді, заманауи талаптарға сәйкестендіру.

"Заң жобасы авторлық құқық, сабақтас құқықтар, тауар таңбалары, патенттер және өзге де зияткерлік меншік объектілеріне қатысты нормаларды нақтылайды және дамытады. Оның ережелері Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін, соның ішінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы шеңберіндегі талаптардың, сондай-ақ цифрландырудың және креативті индустрияның дамуының заманауи үдерістерін ескереді", – деді сенатор Жанна Асанова.

Заң жобасымен бірқатар негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

"Біріншіден, эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдардың өз хабарларын, оның ішінде қайта трансляциялау құқықтарын нақтылау көзделеді. Бұл, құқық иелерін қорғауды күшейтеді және контентті рұқсатсыз пайдалануға жол бермейді. Екіншіден, көру қабілеті бұзылған азаматтардың авторлық құқықпен қорғауға алынған шығармаларға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейтіледі. Яғни, заңды жарияланған шығармаларды арнайы қолжетімді форматтарда таратуға, көрсетуге және орындауға құқық беріледі. Бұл инклюзивті қоғам құру қағидасын қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, тауар таңбаларына берілген өтінімдерді жеделдете сараптаудың жаңа тетігі енгізілуде. Жеделдетілген тәртіппен алдын ала сараптама он жұмыс күні ішінде, ал толық сараптама үш ай ішінде жүргізіледі. Әдеттегі тәртіпте бұл мерзімдер тиісінше бір ай және жеті ай болған. Бұл жаңашылдық тауар таңбаларын тіркеу үдерісін айтарлықтай жеделдетеді, бұл әсіресе шағын және орта бизнес субъектілері үшін аса маңызды болып табылады", – деп түсіндірді Сенат депутаты.

Сонымен қатар тауар белгісін тіркеуге қарсылық білдіру мерзімі 1 айдан 2 айға дейін ұзартылды. Бұл мүдделі тұлғаларға құқықтық дәлелдерін сапалы дайындауға мүмкіндік береді.

Жанна Асанованың сөзінше, тауар белгілерін тіркеуден бас тарту негіздері нақтыланады, оның ішінде қызмет көрсету орны ескеріледі. Бұл түзету құқықтық айқындықты арттыруға және нарық қатысушылары арасындағы дауларды алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ өнертабысқа патент беруден ресми сараптама кезеңінде-ақ бас тарту мүмкіндігі енгізіледі. Бұл өтінімдерді қарау уақытын қысқартады және патент сапасын арттырады.