Күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Өйткені қар бір жауған бойда жүргізушілер жаппай шина ауыстыруға кірісті.
Техникалық қызмет көрсету орталықтарының алды қазір күндіз де, түнде де ұзын-сонар кезек.
Бір айта кетерлігі, заңнамаға сәйкес, осы айдың соңына дейін көліктер қыс мезгіліне толық дайын болуға тиіс.
Астанадағы доңғалақ ауыстыру орталықтарының барлығында күндіздің өзінде ұзын-сонар кезек. Ал кеште тіптен күшейеді. Өйткені жүргізушілердің көбі жұмыстан шығып, осында ағылып жатыр.
Азат Хасен, жүргізуші:
- 4-5 сағат күтесің. Кешке жақын жол қатады. Жазғы шиналармен жүре алмайсың. Сондықтан жұмыстан сұранып, осында келіп тұрмын.
Доңғалақ жөндеу орталықтарының жұмыс кестесі күрт ұзарды. Олар әдетте таңғы сағат 9 бен кешкі 8 аралығында ашық тұратын. Ал қазір түнге шейін жарығы сөнбейді. Кейбірі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
Алданыш Советханұлы, доңғалақ жөндеуші:
- Шаршағаннан кейін ертерек жауып кетейін деп ойлайсың, бірақ адамдар келеді, жалынады. «Ертең жолға шығатын едік, ауыстырып берші» дейді. Амал жоқ, адамды қимайсың. 00:00, тіпті 04-00-ге дейін жұмыс істедік.
Асан Ахатұлы, жүргізуші:
- Кейбір жерлерде 24 сағат жұмыс істеп жатыр. Кемі 4-5 сағат кезек күтіп қаласыз. Сондықтан ертерек барып, орын алмасаңыз, кезек келуі қиындау.
Көлікке тәуліктің орташа температурасы 7 градустан төмен болған кезде-ақ қысқы шина тағу керек. Алайда көбі қар түскен соң ғана қамдана бастайды. Аяқасты ұзын-сонар кезектің пайда болу себептерінің бірі — осы. Жүргізушілер енді қараша айының аяғына дейін көлік доңғалағын ауыстырып үлгеруге тиіс. Әйтпесе әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
Махамбет Төлешов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары
- Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 590-бабына сәйкес, қыс мезгілінде жазғы шиналармен көлік жүргізген тұлғаларға әкімшілік жаапкершілік көзделген. Яғни 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
«Қазгидрометтің» болжауынша, осы апта соңына дейін елдің солтүстік-батысы, солтүстік-шығысы және Арқа өңірінде қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Мұндай күн райында көлік қозғалысы қиындайтыны белгілі. Сондықтан доңғалақ ауыстырушылардың кезегі бұл аптада толастамайтын түрі бар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Диас Қобыланбаев