Мемлекет басшысы «Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Мұны жай ғана бағдарламалық құжат емес, елімізге кейінгі жылдардағы институционалдық реформалар мен қоғамның әділдікке деген сұранысын біріктіретін ортақ мағыналық негіз беруге бағытталған талпыныс деп атар едім.
Тұжырымдаманы әзірлеу идеясы алғаш рет Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтылды. Алты ай бойы сарапшылармен, азаматтық қоғам және ғылыми қауымдастық өкілдерімен ашық талқылаулардан кейін құжат мемлекеттің бүкіл ішкі саясатына жүйелі негіз болатын мағынаға ие болды.
Негізгі назар декларацияларға емес, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыратын қағидаттарға аударылып отыр. Әрбір ізгі идея адам мен мемлекет дамуына тірек болатын, екі тараптың да жауапкершілігін айқындауға бағытталған. Елдің тұрақты дамуы жолында мемлекеттілікті және ұлт бірлігін нығайту мақсаты айқын тұжырымдалған.
Құжат айқындаған алты негізгі қағидаттың әрбірі маңызды мәнге ие. «Заң мен тәртіп» қауіпсіздік пен институттарға деген сенімнің кепілі болса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – қоғамды жоғарыдан басқару емес, оны естуге және түсінуге бағытталған қадам. «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» – көзқарастардың алуан түрлілігіне құрмет мәдениеті болса, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – билік монополиясын болдырмайтын институционалдық теңгерім. Ал «Адал азамат» – еңбек этикасы, жауапкершілік пен патриотизмге бағдар. «Таза Қазақстан» – қоршаған ортаға, кеңістікке және мәдениетке ұқыпты көзқарас.
Бұл қағидаттар ішкі саясатты жай ғана шешімдер жиынтығынан мән-мағыналар жүйесіне айналдырады. Олар мемлекет пен азамат арасындағы өзара әрекеттесу логикасын қалыптастырады, онда сенім дамудың басты ресурсына айналады.
Құжат тек мемлекеттік органдарға емес, бүкіл қоғамға арналған. Ол ортақ мақсатты ұсынады – әділ, ашық және заманауи Қазақстан. Онда құндылықтар, институттар мен іс-әрекеттер өзара үйлесім тапқан. Бұл – мемлекеттік саясаттың тек үдерістерді басқару емес, ұлттың ортақ мақсаттары мен алға жылжуын нығайтуды көздеген ниет.
Никита ШАТАЛОВ,
Мәжіліс депутаты