Турнир Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатыр.
Бүгін WTA-2025 маусымының қорытынды турниріндегі Серена Уильямс тобының матчында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина өнер көрсетті.
Оның үшінші қарсыласы америкалық Мэдисон Киз (7-орын) болуы тиіс еді. Алайда спортшы вирустық ауруға байланысты жарысқа қатыса алмады. Сондай-ақ ресейлік Мирра Андреева (9-орын) денсаулығына байланысты кортқа шығудан бас тартты. Нәтижесінде Рыбакинаның қарсыласы басқа ресейлік теннисші Екатерина Александрова (10-орын) болды.
Кездесу екі сетте аяқталып, Рыбакина 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін қазақстандық теннисші америкалық Аманда Анисимованы (4-орын) және польшалық Ига Швентекті (2-орын) жеңіп, жарыстың жартылай финалына мерзімінен бұрын жолдама алған болатын.
Еленаның келесі қарсыласы 6-қараша күні белгілі болады. Ол жартылай финалда екінші топта екінші орын иеленген теннисшімен кездеседі.