Павлодар облысында полицейлер жыл басынан бері 18 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарын айыптұраққа қамады.

Қараусыз жайылған мал мәселесі өңірде жыл бойы өзекті болып отыр. Мал иелерінің немқұрайдылығы салдарынан жануарлар жиі жол-көлік оқиғаларына себеп болып, кей жағдайларда қылмыстық әрекеттердің нысанына айналуда.

Мәселен, Ақсу қаласының полициясына Павлодар – Қызылорда автожолының 72-шақырымында жеті бас ірі қараның жол бойында жүргені туралы хабарлама түскен. Мал жол жиегінде жайылып жүріп, кейін жүріс бөлігіне шыққан. Барлық жануарлар арнайы айыптұраққа қамалып, иесі анықталғаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Биылғы жылдың 10 айында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін 2113 мал иесіне әкімшілік айыппұл салынды. Жалпы 18 мыңнан астам бас мал айыптұраққа қамалды", – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.

Полиция департаменті мал иелеріне ауа райының қолайсыз мезгілінде сақтық шараларын күшейтуді, қараусыз малдың автожолдарға шығуына жол бермеуді және мал ұрлығының алдын алу мақсатында жануарларды қараусыз қалдырмауды ескертті.