Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданы прокуратурасы мүгедектігі бар азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына талдау жүргізді.
Тексеру барысында 39 азаматтың, оның ішінде 7 кәмелетке толмағанның "инватакси" қызметіне мұқтаж екені анықталды.
Алайда анықталғандай, аудан құрылған 2022 жылдан бері заңнамаға сәйкес мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы "инватакси" қызметі көрсетілмеген. Сондай-ақ аудан әкімдігі тұтынушылар санатын және қызмет алушылар тізбесін кеңейту туралы қаулы қабылдамаған.
Прокуратураның ұсынысынан кейін аудан әкімдігі мүгедектігі бар азаматтарға көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қолға алды.
Нәтижесінде бюджеттен 27 млн теңге бөлініп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған арнайы автокөлік сатып алынды. Сонымен қатар тұрақты негізде қызмет көрсету үшін жүргізуші лауазымы ашылды.