5-10 мың емес бірден 20 мың теңге төлеуге міндеттелесіз.
Енді елімізде автокөлігін 5 минуттан артық оталдырған жүргізушілер жазаланады. Яғни, аула ішінде шамадан тыс уақыт моторын қосып қойған азаматтар айыппұл арқалайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
5-10 мың емес бірден 20 мың теңге төлеуге міндеттелесіз. Қазір көпқабатты үйлердің аулаларында осындай көрініс жиі байқалады. Таңертең көліктер оталып, түтін көтеріледі. Бірақ 5 минуттан артық машинаңызды оталдырып қойсаңыз айыппұл төлейсіз. Себебі заң бойынша мұндай жағдайға нақты шектеу қойылған.
Жаңа талапқа сай, егер көлік тұрғын үй аумағында 5 минуттан артық оталып тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса онда қожайын әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірақ бәрі ойлағандай қатаң емес. Яғни полиция көлігін оталдырып қойған әр жүргізушіні қудаламайды. Шағым түссе және дерек дәлелденсе ғана айыппұл салады.
"Көлік тұрғындарға ыңғайсыздық тудырса ғана айыппұл салынады. Дегенмен, жолаушыларды отырғызу немесе жүкті тиеу себептерінен темір тұлпар артық уақыт тұрса, жазаланбайды. Әкімшілік іс тек азаматтардан шағым түскен жағдайда және заң бұзушылық дәлелденсе ғана қозғалады", – делінген ІІМ хабарламасында.
Ал автосарапшы Бақытжан Қонақбаевтың ойынша, жүргізушілерге шектеу қою дұрыс емес.
"Қазір қытайдың көліктерін мініп жүрміз. Олар 5 минутта қыза қоймайды. Сол себептен кішкене бір 10-15 минут болса, өте жақсы болар еді деп ойлаймын. Халық барлығы жаңа көлік мініп жүрген жоқ. Сол себептен ескі көліктерді де, қарауымыз керек", – деді автосарапшы Бақытжан Қонақбаев.
Аталған норма елімізде жыл мезгіліне және көліктің тұрған жеріне қарамастан қолданылады. Демек, басты шарт — өз көлігіңді емес, өзгенің тыныштығын ойлау.