Ақ үй басшысы Дональд Трамптың саясатын қолдайтын америкалықтардың қатары рекордтық төмен деңгейге түсті.
CNN телеарнасы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Трамптың саясатына қанағаттанғандардың үлесі 37 пайызды құраған. Бұл — оның екінші президенттік мерзіміндегі ең төмен көрсеткіш, деп жазады qazaqstan.tv.
Бір ай бұрын жүргізілген сауалнамада қолдау деңгейі шамамен 39 пайыз болса, президенттік қызметіне кіріскен уақытта оның рейтингі 43 пайызға дейін жеткен еді. Осылайша бірнеше айдың ішінде Трампқа деген сенім алты пайызға төмендеген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш Ақ үй саясатына деген наразылықтың күшейгенін және демократтардың позициясының нығайғанын аңғартады. CNN мәліметінше, егер Конгресске сайлау дәл қазір өткізілсе, 47 пайыз сайлаушы Демократиялық партияны, ал 42 пайызы Республикалық партияны қолдайтындарын білдірген.