Археологтар Индонезиядағы Ява мен Мадура аралдарының арасындағы Мадур бұғазының түбінен ежелгі адамның қазба қалдықтары мен мегафаунаға жататын жануарлардың сүйектерін тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Нидерландтағы Лейден университетінің мәліметінше, бұл жерде бір кездері қазіргі адамдардың арғы тегі саналатын Homo erectus өкілдері өмір сүрген. Кейін бұл аймақты мұхит суы басып қалған.
Табылған қалдықтардың жасы шамамен 140 мың жыл. Олардың арасында ежелгі адамдардың екі бас сүйек сынығы мен жойылып кеткен жануарлар түрлерінің сүйектері бар. Ғалымдар жалпы 36 түрлі омыртқалы жануардың қалдықтарын қазып алды.
Соңғы мұз дәуірінде дүниежүзілік мұхит деңгейі 100 метрден аса төмендеп, кең жазықтар ашылған. Қазіргі Индонезия аралдарының арасындағы мұхит бір кездері пілдер, мүйізтұмсықтар, қолтырауындар, акулалар және ежелгі адамдар тіршілік еткен саванна болған.
Бұрын Homo erectus өкілдері Ява аралында оқшау өмір сүрген деп саналатын. Алайда бұл жаңалық бұл тұжырымды жоққа шығарады. Табылған жануар сүйектерінің өңделген белгілері мен өзге де тұрмыстық құралдар олардың аңшылықпен, балық аулаумен айналысқанын және күрделі тамақ өңдеу әдістерін қолданғанын көрсетеді.
Бұған дейін Чехия тауында туристердің алтынға толы жәшік тауып алғандығы хабарланған болатын.