Таеквондошы Жансель Дениз – халықаралық дәрежедегі спорт шебері .
Ол енді Сингапур ұлттық құрамасын жаттықтыратын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақ қызы 24-30 қазан аралығында Қытайдың Уси қаласында өткен таеквондодан әлем чемпионатына Сингапур командасын бастап шыққан. Бұл қадам спортшының жеке мансабынан соң алғашқы бапкерлік тәжірибесі саналады.
Жансель Дениз Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласында туған. Кішкентайында отбасымен бірге Түркияға көшіп, сол елдің азаматтығын алады. Кейіннен Қазақстанға оралып, ұлттық құрама сапында шыңдала түсті, жетістіктерге жетті. Ол халықаралық ареналарда +67 келі (OR) және –73 келі (WR) салмақ дәрежелерінде ел намысын қорғады.
Жансель Дениздің Қазақстан ұлттық құрамасындағы жетістіктері:
* 2017 жылғы Универсиада финалисі;
* 2018 жылғы Азия ойындарының финалисі;
* 2021 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарының финалисі;
* 2022 жылғы клубтық Азия чемпионатының финалисі;
* 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері;
* World Taekwondo аясындағы халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері;
* 2016 жылғы Рио-де-Жанейро және 2021 жылғы Токио Олимпиадаларының қатысушысы.
Жансель Дениздің халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген де атағы бар. Ол тарихи отаны Қазақстанға оралған соң Атырау облысының намысын қорғады.