Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» бірлесе ұйымдастырған ауқымды республикалық «JARQYRA» кастингі өтті. Жоба бүкіл елді қамтыды . Кастинг еліміздің 19 қаласында бір мезетте өтіп, отандық кинематография тарихындағы ең ірі шаралардың біріне айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін мәдениет ошақтарында өткен іріктеуге 1 000-нан астам адам қатысып, ұлттық киноның бір бөлігі болуға ниет білдірді. Қатысушылардың қатарында облыс орталықтарынан бөлек, аудан-ауылдан келген тұрғындар да бар. Бұл азаматтардың кино өнеріне деген ықыласын, жоғары деңгейдегі қызығушылығын және де шығармашылық салада өздерін сынап көруге деген ұмтылысын аңғартады.
Қатысушылардың анкеталары Сараптама кеңесі тарапынан мұқият зерделенді. Бағалау кезінде актёрлік қабілет, сахналық образды бейнелеу шеберлігі және кәсіби дамуға деген әлеует ескерілді. Кастинг қорытындысы бойынша 705 қатысушы Кино орталықтың актёрлік базасына енгізілді.
  
«JARQYRA» кастингі елімізде қуатты шығармашылық әлеуеттің бар екенін және түрлі буын өкілдерінің кино саласында кәсіби жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті. Әр қатысушының шығармашылық көзқарасы, тәртібі мен шынайы ынтасы қуантады. Іріктеу оңай болған жоқ. Сараптама кеңесінің алдында көптеген дарынды үміткердің арасынан үздіктерін таңдау міндеті тұрды. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық киноиндустрияны дамыту, жаңа есімдерді ашу және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді», дейді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, кастингтен өткен қатысушылардың анкеталары Кино орталығының ресми сайтына орналастырылады. Онлайн актёрлік база продюсерлер мен кинокомпанияларға жаңа есімдерді ашуға, дарынды актёрлерді табуға және болашақ фильмдерге шығармашылық топтар құруға мүмкіндік беретін заманауи құралға айналмақ.