Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидасын іске асыру аясында есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейтті.
Министрліктің мәліметінше, жасөспірімдер мен жастар арасында түсіндіру және профилактикалық шараларға ерекше көңіл бөлінген. Биыл 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, оған 2 миллионнан астам жас қатысқан.
Дегенмен, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына тартылуы жиілеген.
Мәселен, Абай облысында полицейлер колледждің бірінші курс студентін – кәмелетке толмаған қызды психотроптық заттарды аса ірі көлемде заңсыз сақтағаны үшін ұстады. Тінту барысында одан 16 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында тағы бір жасөспірім ұсталды. Ол Алматыдан Өскеменге барып, интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды жеткізуші болып жұмыс істеген. Ұстау кезінде одан α-PVP тобына жататын 3 грамм есірткі алынған.
Қазір республика бойынша есірткі айналымына тартылған 60-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып отыр.
ІІМ ата-аналарды балалардың кіммен араласатынына және қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынына назар аударуға шақырды. Себебі қылмыстық топтар көбіне "қашықтан жұмыс" немесе "жеңіл табыс" ұсыну арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекетке тартады.
Министрлік еске салады:
Есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысқан адамдарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған;
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығына ата-аналардың салғырт қарауы дәлелденсе, олардың жауапкершілігін қатаңдату жоспарлануда.
ІІМ азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.