Қарағандыда 23 жастағы кәсіпкер Алика Мухамадиеваға қатысты ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық тудырды деген айыппен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініш білдіріп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Бүгін Қазыбек би аудандық сотында аталған іс бойынша соңғы сот отырысы өтті. Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы әлеуметтік желі Threads платформасында жариялаған жазбаларында әлеуметтік және ұлтаралық алауыздық белгілері бар пікірлер таратқан деп танылды.

Сот отырысы ашық форматта өтті. Тергеу және сот барысында Мухамадиева өз кінәсін толық мойындап, жазбаларының әдейі біреудің ар-намысына тию немесе қоғамда өшпенділік тудыру мақсатында болмағанын түсіндірді.

Қорғаушы тарап оның бұрын сотталмағанын, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істегенін және кәмелетке толмаған баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты адвокат соттан жазаны жеңілдетуді — айыппұл салу, бостандығын шектеу немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыру түрінде қарастыруды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы, өз кезегінде, Мухамадиеваның кінәсі жиналған айғақтар мен сараптама қорытындыларымен толық дәлелденгенін айтып, төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Тараптар өз уәждерін келтіргеннен кейін судья үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.

Сот шешімі бойынша, Алика Мухамадиева Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтелмек.

Алайда, ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды.

Сот айыпталушының бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны қамаудан босатты. Бұған дейінгі қамауда ұстау шарасы елден шығуға тыйым салу және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхатпен алмастырылды.

Мухамадиева сот залынан бірден босатылды. Қамауда өткізген уақыты — 2025 жылғы 20 шілдеден 3 қарашаға дейінгі мерзім — жаза мерзіміне бір жарым күнге бір күн есебімен енгізілді.

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол он күн ішінде пробация қызметіне барып, есепке тұруға міндеттелді. Үкімді судья Арғын Құтышев жариялады.

Судья жазаны кейінге қалдыру шешімін айыпталушының жас баласының бар болуымен түсіндірді.

Бұл іс қоғамда кең талқылауға түсті. 2025 жылдың жазында Алика Мухамадиеваның Threads әлеуметтік желісінде жазған пікірлері әлеуметтік желілер мен БАҚ-та үлкен резонанс туғызған болатын. Кейінгі тексеріс нәтижесінде оның жазбаларында ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық тудыру белгілері бар екені анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданды.